Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің негізгі қорытындылары туралы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың сөйлеген сөзі

ҚР Парламенті Мәжілісінде Үкімет сағаты

(2019 жылғы 4 наурыз, сағ. 10:00)

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінде 2017-2018 жылдардағы

Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қорытындылары»


Құрметті Владимир Карпович,

Құрметті Парламент Мәжілісінің депутаттары,

2018 жылғы 31 желтоқсанда біз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін жауапкершілік жүктелген Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органы – Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық мүшелігімізді аяқтадық.

Біздің жұмысымыз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Кеңес мүшелеріне арнаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалықкөзқарасы» атты Саяси үндеуін толыққанды іске асыру мақсатына құрылды. Бұл құжат Мемлекет басшысының «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесіне негізделгені өздеріңізге аян.

Қазақстан өз миссиясын абыроймен орындады деп нық сеніммен айта аламын. Біз Мемлекет басшысы белгілеген барлық басымдықтарды іске асырдық. Ал еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Бұл істе біз барлық мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді жұмысына сүйендік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыртқы істер министрлігі атынан Сіздерге нысаналы заң шығару жұмыстарыңыз үшін де, сонымен бірге, халықаралық алаңдарда көрсеткен белсенді саяси қолдауларыңыз үшін де шын жүректен алғыс білдіремін.

Құрметті халық қалаулылары,

Біздің Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіміз жаһандық саяси процестердегі шиеленістердің бұрын-соңды болмаған деңгейіне және әлемдік державалардың арасындағы қайшылықтардың асқынуы кезеңіне дөп келді.

Өзара сенімнің терең дағдарысы мемлекеттердің келісімге келу қабілетіне және тұтастай Кеңес жұмысының тиімділігіне теріс әсер етті. Таяу Шығыстағы, Сириядағы, Африкадағы шиеленісті дағдарыстар мен қақтығыстар, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Иран мен Украинадағы және басқа да елдердегі жағдайлар біздің сыртқы саяси тәсілдемелеріміздің беріктігіне әлденеше рет жасалған сын болды.

БҰҰ ҚК қабырғаларындағы стресс-тесттер Елбасының сыртқы саясаттағы бағытының стратегиялық дұрыстығы мен сындарлылығын тағы бір рет растағанына күмәнім жоқ. Прагматизм қағидаттарына, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара тиімді ымыраны іздеуге бағытталған теңгерімді және бейбіт сүйгіш сыртқы саясатымыз мемлекетімізді стратегиялық жағынан сауатты көрсетуге мүмкіндік берді; әріптестікті, оның ішінде ядролық державалармен әріптестікті жаңа қырларымен байытты; мемлекетіміздің саяси беделін күшейтті.

Астананың месседжі айқын – ол «блоктық ойлаудан» арылу және әлемдік күн тәртібінің түйінді мәселелері бойынша бәтуаға қол жеткізу үшін жетекші державалардың арасында инклюзивтік диалогтың қажеттігі.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы кезіндегі жетістіктердің көбіне-көп Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы белсенді қызметінің және оның принциптік бейбіт сүйгіш бастамаларының арқасында мүмкін болғанына еш күмән жоқ.

Тек 2017-2018 жылдар ішінде ғана Президенттің жиырма төрт шетелдік, оның ішінде БҰҰ ҚК-нің тұрақты мүшелерінің астаналарына сапарлары өтіп, ең өзекті мәселелер бойынша әлемдік лидерлермен көптеген келіссөздері өткізілді. Жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындылары бойынша Елбасы қол жеткізген уағдаластықтар біздің дипломаттарымыздың күн сайынғы қажырлы жұмысы үшін негіз болып қаланды.

Құрметті депутаттар,

Енді біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысымыз туралы егжей-тегжей айтып беруге рұқсат етіңіздер.

І. 2018 жылғы 18 қаңтарда Елбасының төрағалығымен өткізілген «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейлі брифинг біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысымыздың шарықтауы болғаны сөзсіз.

Қазақстан Республикасының Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет төрағалық етті және Кеңестің ресми отырыстары залында мемлекеттік тілде сөз сөйледі.

Қазақстанның тәжірибесі негізінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзін ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда сенімнің ерекше рөліне арнауға шешім қабылдап, сол арқылы ядролық қарудан азат әлемнің стратегиялық мақсатының қол жетімділігін атап көрсетті.

Қазақстан басшысы төрағалық еткен отырыс өзара түсіністік атмосферасында өткен және Корей түбегіндегі жағдайды қоса алғанда, осы заманғы өзекті сын-тегеуріндерді сапалық жағынан жаңа тұрғыда қарауға мүмкіндік берген Қауіпсіздік Кеңесінің аздаған іс-шараларының бірі болды. Бұл Президенттің саяси көрегендігін және оның айрықша бітімгершілік әлеуетін тағы бір рет айқындады.

Талқылау қорытындылары бойынша БҰҰ-ның қақтығыстардың алдын алу және шешу шараларына жаппай қырып жою қаруын таратпау тақырыбы алғаш енгізілген Төраға Мәлімдемесінің қабылдануына қол жеткіздік.

Құрметті депутаттар,

ІІ. Қазақстан Таяу Шығыстағы, Африкадағы және әлемнің басқа да өңірлеріндегі қақтығыстар мен дағдарыстарды реттеу бағытында белсенді түрде жұмыс істеді. Бұл Мемлекет басшысының жаһандық соғыстың алдын алу және оны толығымен жою туралы пайымына толық сәйкес келді.

Бұның қалыптасқан жағдайды идеалистік бағалау емес, есептелген және негізделген стратегиялық мақсат қою екендігіне күмәнім жоқ. Осы тұрғыда 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөзінде біздің Президенттің Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сенім шараларын іске қосуды ұсынғанын еске салып өткеннің артығы жоқ.

Сол уақытта Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (Азия Кеңесі) шақыру бастамасын барлық елдер жылы қабылдады деп айта алмаймын. Бүгінде Азия Кеңесі уақыт талабы екеніне көз жеткізген Азия мемлекеттерінің көпшілігі тарапынан қолдау тауып, ерекше өзектілікке ие болды.

Адал және әділ медиатор атағы қазақстандық дипломатияға тән қасиеттердің біріне айналды. Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Астана процесінің практикалық нәтижелері оның көрнекі дәлелі болып табылады.

Кепіл-елдермен бірлескен күш-жігердің арқасында әскери іс-қимылдарды тоқтату режимі және де-эскалация аймақтары қамтамасыз етілді, босқындардың өз елдеріне қауіпсіз оралуы үшін жағдайлар жасалды. Қарсы күресуші тараптардың арасындағы сенім шараларын нығайту арқылы біз БҰҰ аясында Женева алаңында Сирия қақтығысын саяси тұрғыдан реттеу үшін берік негіз жасау бағытында жұмыс істеп келеміз.

Бізге бітімгершілік желісі бойынша да елеулі нәтижелерге қол жеткізудің сәті түсті. 2018 жылғы қазанда 120 әскери қызметшіден тұратын қазақстандық бітімгершілік рота Үндістанның бітімгершілік батальонының құрамында БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштерін (ЮНИФИЛ) толықтырды. Осының арқасында Қазақстан Еуразия өңіріндегі ең ірі бітімгершілер берушіге айналды.

Біз Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Алматыда Қазақстан бітімгершілер даярлау оқу орталығының (ҚАЗЦЕНТ) БҰҰ сертификатын алуына қол жеткіздік. Іс жүзінде біз таяудағы жылдары қажеттілігі арта түсетін өңірлік бітімгершілік хабын қалыптастырудамыз. Бұдан әрі де осы әлеуетті іске асыру бағытында нақты жұмыс істеу ниетіндеміз.

Құрметті халық қалаулылары,

ІІІ. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанның ортақ мүдделерін табанды түрде қорғады.

Біз бейбітшіліктің, қауіпсіздіктің, ынтымақтастықтың және дамудың өңірлік аймағы моделін құра отырып, өңір елдері мүдделерін тең үйлестіру қажеттілігін басшылыққа алдық.

Орталық Азия мемлекеттерінің белсенді рөлі жағдайында Ауғанстанды тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерді «экономикаландыруға» бағытталған басымдық осы процесте Қазақстан ұсынған инновациялық тәсілдемеге айналды.

Біз соңғы жеті жыл ішінде алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ауғанстанға сапарын ұйымдастырдық. Бұл Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне жағдаймен тікелей танысуға және ел басшылығымен, бизнес өкілдерімен және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізуге мүмкіндік берді.

2018 жылғы 19 қаңтарда Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның сыртқы саясат ведомстволары басшыларының қатысуымен өткен «Ауғанстанда және Орталық Азияда қауіпсіздік пен дамудың өзара байланыстылығы моделі ретінде өңірлік әріптестік құру» тақырыбындағы министрлер деңгейіндегі дебаттары өңір елдерінің Ауғанстан аумағынан шығатын сын-тегеуріндер мен қауіптерді азайту мақсатындағы практикалық әріптестігін көрсетті.

Қауіпсіздік Кеңесінде Орталық Азияның ортақ мүдделерін білдіру, БҰҰ ҚК күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша тұрақты консультациялар біздің өңірдегі көршілеріміз тарапынан жоғары баға мен ризашылыққа ие болды. Айта кетер жайт, бүгінде 3 көрші бауырлас мемлекет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне үміткер болып отыр.

Осындай тәсілдеменің бауырлас мемлекеттердің жақындасуына, өзара түсіністік пен құрметтің тереңдеуіне ықпал еткеніне сенімім мол. Бұл біздің Біріккен Ұлттардағы жұмысымыздың да абыройлы нәтижесі деп санаймын.

Құрметті депутаттар,

ІV. «Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл» төртінші басымдығына қатысты, 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев БҰҰ аясында мемлекеттердің жаһандық контртеррористік коалициясын құруды ұсынғанын еске салғым келеді.

Елбасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Саяси үндеуінде осындай коалиция құру үшін негіз ретінде Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу кодексін қабылдау ұсынылған болатын.

2018 жылғы қаңтарда біз БҰҰ Штаб-пәтерінде Кодекстің тұсаукесерін өткіздік, ал сол жылғы қыркүйекте осы құжатқа жетпіс мемлекеттің өкілдері қол қойды. Бүгінде Кодекс 80 елді біріктіреді.

Кодекстің негізгі мақсаты – контртерроризм бойынша әріптес елдердің халықаралық коалициясын құру арқылы 2045 жылға қарай терроризмнен азат әлемге қол жеткізу.

Көптеген елдер Қазақстанның бастамасын халықаралық құралдарды және сенім тапшылығы аясында терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды негіз ретінде бағалайды.

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің ИЛИМ/ДАИШ, Әл-Каида және «Талибан» қозғалысына қарсы іс-қимыл жөніндегі аса маңызды санкциялық комитеттердің жұмысын шебер ұйымдастырды. Біз Кеңестің осы қосалқы құрылымдарының жұмысына серпін қоса отырып, алға қойылған міндетті абыроймен атқарып шықтық.

Қазақстанның терроризмге қарсы күрес саласындағы барлық он тоғыз халықаралық құралға қосылғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде бірқатар халықаралық конвенциялар мен хаттамаларды қысқа мерзімде ратификациялаған нақ Сіздердің – Парламент депутаттарының еңбегі зор.

Кеңестің контртеррористік трегіндегі Қазақстанның қызметі бізге практикалық операцияларда табысты жұмыс істеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Таяудағы Жусан операциясы соның көрнекі дәлелі болды.

V. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі күн тәртібінің 70%-ға жуығы ең қақтығысты өңір Африкаға арналады. Африкада отарлаудан кейінгі кезеңде екі жүзден астам мемлекеттік төңкеріс болды, ірі ауқымды 30 соғыс пен көптеген қақтығыстарда 7 миллионнан астам адам қырылды. Бұларға асқан кедейшілік, ауқымды сыртқы қарыз, діни экстремистік топтардың іс-әрекеттері қосылады.

Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың тәжірибелі және жауапты мүшесі ретінде Африкадағы проблемаларды шешуден тыс қалмайды.

Сомали және Эритрея жөніндегі санкциялық комитеттің төрағасы қызметіндегі күш-жігердің нәтижелілігін бөле айтайын. Шығыс Африка өңіріндегі халықаралық террористік топтардың қызметін азайту жөніндегі біздің күш-жігеріміз Африка мүйізі өңірі елдерін жақындастырудың ауқымды процесі үшін маңызды катализаторлық әсері болды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2009 жылдан бері қолданыста болған көп жылғы санкцияларының Эритериядан алынуы қазақстандық күш-жігердің практикалық қорытындысына айналды.

VI. Қазақстан алтыншы және жетінші басымдықтарды іске асыру мақсатында орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге практикалық үлес қосты; қауіпсіздік пен даму арасындағы өзара байланыстылық тұжырымдамасын ілгерілетті; даму мақсатындағы неғұрлым тиімді жұмыс үшін БҰҰ жүйесіне өзгерістер енгізу мәселелері бойынша қолдау көрсетті; БҰҰ-ны ашық және есеп беретін құрылымға өзгерту жөніндегі қызметке қатысты.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Алматы қаласында БҰҰ Хабын құру жөніндегі бастамасының практикалық іске асырылуын атап өтемін.

Бүгінде Алматыда БҰҰ-ның көп елдік және субөңірлік мандатты иеленетін 14 бағдарлама және мекеме бар. Осылайша, еліміздің ең ірі мегаполисі іс жүзінде БҰҰ агенттіктерінің өңіраралық орталығы болып табылады.

Алматыда халықаралық ұйымдар үшін заманауи ғимарат бөлінді. Жаңа ғимаратқа көшудің практикалық аспектілері БҰҰ-мен келісу сатысында тұр.

Алматыдағы Хаб БҰҰ-ны, атап айтқанда, оның даму жүйесін ұлттық деңгейде де, сондай-ақ өңірлік және өңіраралық деңгейде де реформалау бойынша, өңір үшін ортақ даму проблемаларын шеше отырып, үйлесімді күш-жігермен жұмыс істейтін болады. Орталық орнықты даму, гуманитарлық көмек, дүлей зілзалалардың қаупін азайту саласындағы жұмысты үйлестіретін болады.

Құрметті депутаттар,

Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірлесіп үлкен практикалық жұмыс атқарылды.

Қазақстан делегациясы күн сайын Кеңестің негізгі жалпы саяси іс-шараларына да, сонымен бірге 22 қосалқы органының: 15 комитеттің, алты жұмыс және бір үйлестіру тобының әрқайсысының отырыстарына қатысты. Екі жыл ішінде біз Қауіпсіздік Кеңесінің мыңнан астам ашық және жабық отырыстарына, мүшелердің қырыққа жуық ресми емес кездесулеріне, Кеңестің 20-дан астам көшпелі іс-шараларына қатыстық, Кеңес Төрағасының 115 қарарын және 48 мәлімдемесінің қабылдануына үлес қостық, 22 рет Кеңес құжаттарының тең авторлары болдық.

Біріккен Ұлттардың басты органындағы қауырт жұмыстың сынынан БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілдігінің қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге Орталық аппарат пен шет елдердегі мекемелердің жүздеген дипломаттары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың 70 астам қызметкерлері өтті. Біз сондай-ақ 30-дан астам қазақстандық сарапшылар мен журналистерді Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысымен таныстырдық. Бұл баға жетпес тәжірибе.

Құрметті Владимир Карпович,

Құрметті Парламент Мәжілісінің депутаттары,

Қазақстан күрделі халықаралық проблемаларды шешуде елдерді өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың рухында біріктіретін «әділ және адал брокер» әлеуетін толығымен іске асырды.

Сыртқы саясатын сенім, өзара құрмет және әріптестік негізінде қалыптастыратын елімізге және оның Көшбасшысына деген сыйластық қатынас біздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі барлық басымдықтарымызды толық іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы жұмыста біз Мемлекет басшысының бастамаларын ашып көрсететін маңызды іс-қимыл мен қорытынды құжаттар қабылдай алдық.

Тұтастай алғанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіміз еліміздің

белсенді және жауапты халықаралық ойыншы ретіндегі беделін нығайтуға;

қауіпсіздік саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға;

өңірлік мәселелердің шешімін табуға жаңа екпін беруге;

бірегей практикалық тәжірибе негізінде отандық дипломатияның кәсібилігін сапалық жаңа деңгейге шығаруға;

мамандарымызды БҰҰ құрылымына ілгерілетуге;

маңызды халықаралық проблемалар жөніндегі жедел ақпаратқа қол жетімділік алуға мүмкіндік берді.

Елбасының стратегиялық пайымы мен жаһандық ойлау қабілеті бар әлемдік ауқымдағы саясаткер ретіндегі халықаралық беделінің біздің еліміздің сыртқы саясаттағы жетістігінің басты кепілі болғанын тағы бір рет атап көрсеткім келеді.

Біз БҰҰ алаңында белсенді жұмысты жалғастыру, көп қырлы ынтымақтастық үшін әрекет ету, халықаралық тұрғыдан мойындалған қағидаларға негізделген әлемдік тәртіпті қолдау, басқа елдермен бірлесіп, жаһандық сын-тегеурінерді еңсеру және жаһандық және өңірлік бейбітшілік пен дамуға жәрдемдесу ниетіндеміз.

Қорытындылай келе, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздердің бәріңізге СІМ жұмысына әрдайым белсенді әрі игі қолдау көрсеткендеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіргім келеді!

Назарларыңызға рахмет!

Қосылған : 4.03.2019, 12:00, Өзгертілген : 4.03.2019, 12:00