Қазақстан Елшілігі Афинада жыл сайын өткізілетін Понтиялық мәденит Фестиваліне қатысты

2018 жылғы 28 қыркүйекте Каллитея астаналық муниципалитетінің театрында Понтиялық гректердің «АРГО» қоғамымен ұйымдастырылған үш күндік понтиялықтардың мәдениетіне арналған Фестивальдің ашылу салтанаты өтті.

«АРГО» қоғамының 33-жылдығына орайластырылған іс-шарада сөз алған Каллитея мэрі Димитрос Карнавос «понтиялықтардың бай мәдениеті мен дәстүрін сақтау маңыздылығын» айтып, «аталған халықтың басынан кешірген қиын тарихын одан әрі қарай зерттеу қажеттіліне» тоқталды.

Фестиваль қатысушылары алдында еліміздің атынан өз ілтипатын Қазақстан Республикасының Уақытша сенімді уәкілі Тимур Сұлтанғожин жеткізді. Алғы сөзінде ол «өткен ғасырдың басында қоныс аудару саясаты кесірінен Қазақстанда бірнеше мың грекиялықтар пана тауып, жаңа отан тапқандарын» атап өтті. Сонымен қатар, отандық дипломат «Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген қазақстандық гректер шекара асып, тарихи отандарына оралғандары туралы» баяндады. Көшке қарамастан, «бүгінгі таңда олар Қазақстанмен байланыстарын үзбей, қоныс аударудың қиын-қыстау кезеңдерінде қолғабыс көрсеткен қазақ халқына жылы лебіздерін жаудырып жататындарына» ерекше назар аударды.

Екі мемлекет арасындағы заманауи қарым-қатынастарға келгенде, Т.Сұлтанғожин «Қазақстан мен Грекия арасында белсенді саяси және сауда үнқатысу орнатылғанын» жеткізіп, «екіжақты байланыстарды нығайту мақсатымен түрлі деңгейлерде кездесулер өткізілітені» жайлы хабардар етті.

Понтиялық әуен мен билерден басқа мәдени іс-шарада Елшіліктің үшінші хатшысы Абзал Иманқұлов домбырамен қазақ күйлерін орындады. Фестиваль қонақтары «Ұлы Дала» мен «Көне Эллада» шығармаларының музыкалық симбиозының куәгерлері атаңды. Осылайша, Қазақстан Елшілігінің қолдауымен және бұрынғы отандастарымыздың бастамасымен Н.Тілендиевтің «Әлқиссасы» мен Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымы» жаңа нақышта, понтиялық әуендермен сүйемелденіп орындалды.

Понтиялық мәдениет фестивалі Афинада 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады.
Қосылған : 29.09.2018, 17:05, Өзгертілген : 29.09.2018, 17:05