Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кездесуі туралы

Нью-Йорк, 2018 жыл 19 қаңтар - 2018 жылдың 18 қаңтарында Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы қарсаңында «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында Орталық Азия - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуі өтті. Кездесуге Түрікменстанның атынан БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі қатысты.

Қазақстандық тарап 2017 жылы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы жұмысына қолдау көрсеткендері үшін орталық-азиялық әріптестеріне алғыс айтты. Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымындағы жұмысын жоғары бағалады.

Орталық Азиядағы ахуал бойынша жан-жақты пікір алмасып, өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Министрлер Орталық Азия елдерінің 2018 жылға сыртқы саяси іс-шараларының күнтізбесін талқылады.

Делегация басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша Орталық Азия елдері ұстанымдарының ұқсас немесе сәйкес келетінін атап өтті.

Жиында ОА елдерінің Ауғанстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысы атап өтілді.

Кездесудің қорытындысы бойынша сындарлы диалог пен өзара тиімді ынтымақтастық негізінде өңірлік мәселелердің бірлескен шешімін әзірлеу бойынша бесжақты өзара әрекеттестікті жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Қосылған : 20.01.2018, 12:50, Өзгертілген : 20.01.2018, 12:50