​Қысқы маусым «Дипломатия жаршысы» журналының кезекті шығарылымында

АСТАНА, 2018 жылғы 21 желтоқсан - «Дипломатия жаршысы» журналының төртінші шығарылымы жоғары саяси және халықаралық белсенділік аясында жаңа жыл қарсаңында жарық көрді.

Жылдың соңғы тоқсаны бірқатар ішкі саяси және халықаралық оқиғалармен ерекшеленді. Осылайша, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында сыртқы саясаттағы «прагматизм қағидаты», «белсенді» және «бейбітшілік сүйгіш» бағыттары баянды етілген және Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы кең дүниежүзілік қауымдастыққа Ұлы дала мұрасына жаңа көзқараспен қарау жөнінде үндеу жасады. «Біз Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған осы үлкен жұмыс еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, осы заманғы әлемнің мәдениеттерін өзара жақындастыруға және байытуға сөзсіз ықпал ететін болады деп есептейміз» – деп атап өтті Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өзінің кіріспе мақаласында.

Шығарылымда Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшісі Алексей Бородавкиннің мақалаларында бағаланатын әрі талданатын көпжақты және тұрақты Қазақстан-Ресей стратегиялық қарым-қатынастарына ерекше назар аударылды.

Үндістанның Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж өзінің эксклюзивті мақаласында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту деңгейін және қол жетімді мүмкіндіктерін атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчтің Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігінің аяқталуы және 2017-2018 жылдары бітімгершілік қызмет саласындағы қол жеткізілген нәтижелер туралы эксклюзивті сұхбаты «Дипломатия жаршысы» беттерінде жарияланды.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық, оның ішінде аймақтық қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық айтарлықтай арта түсті. Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Адела Раздың эксклюзивті ерекше мақаласы осы тақырыпқа арналған.

Сонымен қатар, қысқы шығарылымда «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу кодексі», Каспий теңізі бойынша Ақтау конвенциясының маңызы, «Protecting Business and Investments» жаңа жобалық офисінің қызметі, сондай-ақ Қазақстанның іскерлік ортасының дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде Ernst & Young-тің беделді талдауы туралы мақалалар ұсынылған.

«Дипломатия жаршысы» қазақ, орыс тілдерінде («Вестник дипломатии») және ағылшын тілінде («The Diplomatic Herald of Kazakhstan») басып шығарылады.

Журналдың электронды нұсқасы http://mfa.gov.kz/kz/content/Journal сілтемесі арқылы қолжетімді.

Қосылған : 21.12.2018, 17:30, Өзгертілген : 21.12.2018, 17:30