Қазақстанның Пәкістан және Кувейттегі жаңа елшіліері тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен:

РАХМЕТУЛЛИН Ақан Ақасұлы - Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі қызметіне тағайындалды;

ЕМБЕРДИЕВ Дәулет Тазабекұлы - Қазақстанның Кувейттегі Елшісі қызметіне тағайындалды.


Ақан Ақасұлы РАХМЕТУЛЛИН - Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі


Ақан Ақасұлы кадрлық дипломат, көпжақты дипломатия, халықаралық қауіпсіздік және қарусыздану саласындағы тәжірибелі маман болып табылады.

1967 жылы 2 ақпанда Алматыда туған. 1991 жылы Алматы энергетикалық институтын бітірді.

Өзінің дипломатиялық мансабын 1993 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының референті, содан кейін атташесі қызметінен бастады.

1994-1996 жылдар аралығында Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы болды.
Қазақстанға оралғаннан кейін және ҚР СІМ Бас консулдық басқармасының үшінші, екінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істегеннен кейін 1999 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық Академиясының бірінші жиынының тыңдаушысы болып, оны үздік бітірген.

Дипакадемияны аяқтағаннан кейін екінші, бірінші хатшы, одан кейін Алматыдағы ҚР СІМ өкілдігінің кеңесшісі лауазымында жұмыс істеді, онда Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік етті.

2002 жылғы желтоқсанда бірінші хатшы лауазымында Қазақстанның БҰҰ жанындағы Нью-Йорктегі Тұрақты өкілдігіне жіберілген. Онда БҰҰ Бас Ассамблеясының үшінші комитеті, БҰҰ түрлі органдарына сайлау мәселелерін жүргізген.

2004 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Қазақстан СІМ орталық аппаратында жұмысын жалғастырып, онда халықаралық гуманитарлық-экономикалық ынтымақтастық департаментінің кеңесші лауазымынан бастап директордың орынбасарына дейінгі мансаптық өсу кезеңдерінен өтті.

2007-2011 жылдары Венада Кеңесші-Уәкіл, Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде ұйымның екінші өлшемінің (экология және экономика мәселелері бойынша) жұмысын үйлестірді.

2011-2015 жылдары Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқарды.


Исламабадқа қызметке тағайындалғанға дейін 2015 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры болды.

Үйленген, төрт баласы бар.

Ағылшын және урду тілдерін еркін меңгерген.


Дәулет Тазабекұлы ЕМБЕРДИЕВ - Қазақстанның Кувейттегі Елшісі


Дәулет Тазабекұлы Таяу Шығыс өңірінде ұзақ мерзім бойы қызмет істеген, майталман маман дипломат.

Ол 1970 жылы 24 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қасқа-су ауылында дүниеге келген. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі оқытушысы мамандығы бойынша бітірген. 2000 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын үздік аяқтаған.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосындағы мансабын 1993 жылы бастаған. Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінде атташе, үшінші, екінші хатшы лауазымында, Израильде - бірінші хатшы, кеңесші лауазымында, Иранда кеңесші қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Қазақстанның Горганадағы (Иран) Бас консулы, Қазақстанның Ливандағы дипломатиялық миссиясының Уақытша Сенімді өкілі болды.

2008-2010 жылдар аралығында Дәулет Тазабекұлы ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі және «Самұрық-Қазына Инвест» Басқарушы директоры болып жұмыс істеген.

Өзінің тағайындалуына дейін Қазақстанның БҰҰ-дағы Нью-Йорктегі Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі қызметін атқарды. Онда ол ҚР СІМ басшылығының арнайы тапсырысымен жіберліген. Дәулет Тазабекұлының жұмыс кезеңі еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігімен тұспа-тұс келді. Оның арабтанушы және мұсылман әлемі бойынша маман ретіндегі бай тәжірибесі осы әлемдік ұйымның шеңберінде Таяу Шығыс бағытындағы қақтығыстарды шешу бойынша Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты Өкілдігінің қызметінде өте пайдалы болды.

2019 жылғы 28 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Кувейттегі Елшісі болып тағайындалды.

ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі бар.

Араб, ағылшын, түрік тілдерінде еркін сөйлейді, ал парсы және ивритті жақсы меңгерген.

Үйленген, 4 баласы бар.

Қосылған : 28.06.2019, 18:10, Өзгертілген : 28.06.2019, 18:10