Қазақстандық төрағалық БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ауғанстанға жеті жыл ішіндегі алғашқы сапарын ұйымдастырды

Қабыл – Нью-Йорк, 2017 жыл 16 қаңтар – Қазақстандық төрағалық БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға сапарын ұйымдастырды, оның нәтижесінде халықаралық қатынастардың ең беделді органы Ауғанстанның көрші елдермен, ең алдымен Орталық Азиямен өңірлік экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырды.

13-15 қаңтарда өткен сапар Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерінің 2010 жылдан бергі бірінші болып, оларға Ауғанстан Үкіметі күш-жігерінің және осы елде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға бағытталған халықаралық қоғамдастық көмегінің тиімділігін дербес бағалауға мүмкіндік берді. Сапар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 19 қаңтарға жоспарланған «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстанда және Орталық Азияда өңірлік әріптестікті қалыптастыру» тақырыбындағы пікірталастардың қарсаңында ұйымдастырылды. Кеңес мүшелерімен қатар, Қазақстандық төрағалықтың бастамасымен осы шараға Ауғанстан мен Орталық Азия елдерінің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары қатысады деп күтілуде.

БҰҰ ақпараттық хабарламасында атап көрсетілгендей, сапардың қорытындысы бойынша «Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған Орталық Азиядағы алғашқы ел ретінде көрші елдердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тырысады, бұл Ауғанстандағы тұрақтылыққа және оның өркендеуіне жәрдем ету үшін шешуші рөл атқаратын болады, сондай-ақ Ауғанстандағы экономикалық дамуды қолдауға бағытталған өңірлік бастамалар өзара тиімділік пен жалпы қауіпсіздікті барынша арттыра алады».

Қауіпсіздік Кеңесінің барлық 15 мүшесінен, соның ішінде БҰҰ-ның 11 Тұрақты өкілінен тұратын делегацияның рекордтық жоғары деңгейін атап өткен жөн, бұл дүниежүзілік қоғамдастықтың біздің өңірдегі тұрақтылыққа деген қызығушылығын дәлелдейді.

Сапардың өте бай және қарқынды бағдарламасының аясында Қауіпсіздік Кеңесінің делегациясы Президент Ашраф Ғанимен, атқарушы биліктің басшысы Абдулла Абдулламен, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Мохаммад Ханиф Атмармен, Жоғары бейбітшілік кеңесінің төрағасы Мохаммад Кәрім Халилмен, сыртқы істер, ішкі істер, қаржы, ауыл шаруашылығы, экономика, сауда министрлерімен, парламент депутаттарымен, Орталық сайлау комиссиясымен, саяси партиялар мен азаматтық қоғамның өкілдерімен, сондай-ақ әйелдер құқықтарына негізделген үкіметтік емес ұйымдармен, Ауғанстанға қолдау көрсету жөніндегі БҰҰ-ның миссиясының (МООНСА) және «Батыл көмек» НАТО миссиясының басшылығымен кездесті.

Сапардың қорытындысы бойынша делегация Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстандағы «Талибан», «Аль-Каида» и «ДАИШ – Велаят Хорасан» сияқты құрылымдар тарапынан төнген террористік қауіптің жоғары деңгейіне байланысты алаңдаушылығын білдіріп, терроризм мен ұйымдасқан қылмыс арасындағы тығыз байланысты атап өтті. Осыған байланысты елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығы аталды.

БҰҰ-ның ақпараттық хабарламасында айтылғандай, кездесулердің қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері мен ауған тарабы «қауіпсіздік пен дамудың өңірлік және кешенді көзқарастарын қабылдау қажеттілігін атап өтті. Оны Қазақстан өңірдегі тұрақты дамуға, баянды бейбітшілікке және тұрақтылыққа бағытталған шешім ретінде ұсынады. Қабылдағы пікірталастар Ауғанстанды өңірдегі қауіпсіздіктің қаупі ретінде емес, маңызды әріптес ретінде қарау қажеттілігін көрсетті. Өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты нығайту, атап айтқанда өңірдегі инфрақұрылымдық, сауда-саттық, инвестициялық, транзиттік және көлік жобаларын жүзеге асыру арқылы Ауғанстан мен көрші елдердің, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасын интеграциялау өте маңызды.

Осыған байланысты Қауіпсіздік Кеңесі елдегі және өңірдегі бейбітшіліктің, қауіпсіздік пен дамудың тығыз байланысты екені аталды. Естеріңізге сала кетейік, бұл Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017 жылы 10 қаңтарда жасаған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси жолдауында көзделген басымдықтарының бірі болып табылады.

Делегацияның пікірінше, Ауғанстандағы қауіпсіздікті нығайту маңызды өңірлік экономикалық жобаларды, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, электр энергиясымен жабдықтау, сауда-саттықты және транзит қызметтерін кеңейту жобаларын іске асыруға жол ашады.

Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстан мен оның көрші елдері, әсіресе, Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналымының өсу үрдісіне ризашылығын білдірді. Қабылдағы билік органдары, өз кезегінде «ТАПИ» құбырының транзиттік жобаларын, ЛЭП CASA-1000 электр желісін, Орталық Азия мен Қытайдан Иран мен Оңтүстік Азияға бағытталған теміржолдарды іске асыруға, Гвадар мен Чабахар порттарына шығуға жағдай жасау үшін жұмыс жасауда, бұл Орталық Азияның тауарларын Үнді мұхитына ең қысқа жолмен жеткізуге, сондай-ақ тауарлардың кері транзиті үшін, оның ішінде Қазақстан арқылы жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, сапар барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері мен ауған тарапы «халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе, көршілес елдердің Ауғанстанмен, әсіресе, терроризмге қарсы күресте қолдау көрсету және ынтымақтасу қажеттілігін атай отырып, өңірдегі ынтымақтастық пен үйлесімділік жақсартуға шақырды».

Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға жасаған сапары Мемлекет басшысының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жасаған саяси жолдауының тағы бір басымдығын көрсетеді, бұл Ауғанстандағы бейбітшілікке жәрдемдесу және Орталық Азияда өңірлік бейбітшілік аймағын қалыптастыру. Сонымен қатар, Қабылдағы кездесулерде осы қайғы-қасіретті елге бейбіт өмір сүру жағдайларын қалпына келтіруде жасаған Астананың көмегі бірнеше рет атап өтілді.

Қосылған : 17.01.2018, 10:15, Өзгертілген : 17.01.2018, 10:15