Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау құжатын Біріккен Ұлттар Ұйымына тапсырды

НЬЮ-ЙОРК, 2019 жылғы 29 тамыз -  Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығына тапсырды. Құжатты тапсыру рәсімі БҰҰ қоғамдастығында оныншы рет аталып отырған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күніне орайластырылды.

Іс-шараға БҰҰ және 103 елдің 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдарының коалициясын құраған «ICAN» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының өкілдері қатысты. Олар Қазақстанға ядролық қарусыздану ісіндегі беріктігі мен көшбасшылығы үшін алғыстарын білдірді.

Құжатты депозитарийге тапсыра отырып, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров бұл оқиға Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құрудағы жаһандық күш-жігерлерге қосқан тағы бір маңызды практикалық үлесі екенін атап өтті.

Осыдан 70 жыл бұрын кеңестік атом бомбасы алғаш рет сынақтан өткізілген ел бүгінде ратификациялау құжатын тапсыру арқылы 26-шы мемлекет болып ядролық қаруға заңды түрде тыйым салатын алғашқы тарихи шарттың күшіне ену перспективасын жақындата түсті.

Шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсенді түрде қатысып келгені белгілі. Құжаттың негізгі ережелері әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты  ұстанымына жауап береді.

Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жүргізіп жатқан күш-жігерлері елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2045 жылға қарай БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына дейін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі бастамасын басшылыққа алуда. Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың қабылдануы бұл қару түрін жою үшін күрес жолындағы тарихи маңызды кезең болмақ.

Шарттың күшіне енуі үшін 50 мемлекеттің ратификациясы қажет. Осы орайда қазақстандық өкілдік басшысы: «Егер Боливия қажетті ратификациялар санының бірінші жартысына 6 тамыз күні - Хиросиманы бомбалау күні жеткізсе, Қазақстан екінші жартысының тұсауын Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне орайластырып ашып отыр. Осылайша еліміз бүкіл адамзаттың қауіпсіз болашағын ойлаушыларды осындай әрекеттерге баруға шабыттандыра түспек» - деп мәлімдеді.

Рәсім барысында қатысушылар барлық ядролық сынақтардың құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Біздің әрекетіміз, сонымен қатар, ядролық қаруды қолдану салдарынан зардап шеккендердің барлығына деген құрметіміз болып табылады. Ортақ міндетіміз - осындай қайғылы жағдайлардың қайталануын болдырмау», - деп атап өтті Қ.Омаров.

Ескерту: Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 7 шілдеде  БҰҰ-ның 122 мүше-мемлекетінің қолдауымен қабылданды. Бұл құжат 2017 жылдың наурыз және маусым-шілде аралығында Нью-Йорк қаласында өткен Ядролық қарудың түбегейлі жойылуына әкелетін ядролық қаруға тыйым салу туралы заңдық міндеттеуші күші бар құжат әзірлеу бойынша БҰҰ конференциясының екі сессиясының қорытындысы болды.

Конференция БҰҰ-ға барлық мемлекеттер қатысуы үшін ашық түрде өткізілді. Алайда де-юре және де-факто ядролық қаруы бар тоғыз мемлекет және олардың одақтастары аталған келіссөздерге қатысудан әдейі түрде бас тартты.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарты қол қою үшін Нью-Йорк қаласында 2017 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясы аясында ашылды және 50-ші ратификациялау грамотасы сақтауға тапсырылғаннан бастап 90 күннен кейін күшіне енеді. Бүгінгі таңда 70 мемлекет Шартқа қол қойып, оның 26-сы осы құжатты ратификациялаған.  

Қазақстан бұл құжатқа 57-ші мемлекет ретінде 2018 жылғы 2 наурызда қол қойды, ал  2019 жылғы 29 тамызда оны ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын 26-шы мемлекет болып тапсырды.

Қосылған : 30.08.2019, 12:55, Өзгертілген : 30.08.2019, 12:55