​«Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» атты Төртінші Халықаралық байқау қорытындысы шықты

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның бас редакторлар клубы шетел журналистері арасында өткен «Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» атты Төртінші Халықаралық байқаудың қорытындысын шығарды. Осы жылы ұйымдастыру комитетіне 29 елден келіп түскен 83 өтінімнің арасынан байқау комиссиясы бес өңір бойынша жеңімпаздарды анықтады.

ТМД және Балтық елдер авторларының арасында әзербайжандық Перване Султанова жеңімпаз атанды. Оның «Қазақстанның жаңа миссиясы: энергетикадан бейбіт дипломатияға» атты мақаласы «1news.az» ақпараттық агенттігінің сайтында әзербайжан тілінде жарық көрді.

Қазылар алқасы Еуропа журналистері арасынан итальяндық Илария Капитанионы «Vocal Europe» журналында жарық көрген «Мүмкіндіктер мен қиындықтар арқылы Қазақстан жаңғыру толқынына шықты» атты мақаласы үшін жеңімпаз ретінде анықтады.

Канадалық Том Тейлордың «Wildlives.co» сайтында жарияланған «Қазақстанға бару үшін бес себеп» атты мақаласы Америка құрлығының журналистері арасындағы ең үздік мақала болып табылды.

Азия, Аустралия және Океания елдерінен қазылар алқасы Оңтүстік Кореяның Джоел Лиді «The Korea Herald» газетінде жарияланған «Этникалық кәрістер Қазақстанда табысқа жетуде» деген мақаласын таңдады.

Таяу Шығыс пен Африка елдерінің жеңімпазы – Израильдік Уди Шахам «The Jerusalem Post» басылымында «Қазақстан «Жаңа Жібек жолының» астанасы рөліне ұмтылады» деп аталатын мақаласын жариялаған.

Жеңімпаздардан басқа бес өңірдің әрқайсысында қосымша үздік жарияланымдар атанды, олардың авторлары Сыртқы істер министрінің атынан алғыс сертификаттарын алатын болады.

Байқау комиссияның құрамына ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Бас редакторлар клубының президенті Ержан Бекхожин кірді.

Байқау ережесіне сәйкес, жеңімпаздар ү.ж. тамыз айында Қазақстанға, нақтырақ айтқанда, Астанаға, Алматыға және Бурабайға сапар шеге алады. Олар, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің павильондарына, мәдени және тарихи объектілерге барып, Қазақстанның лауазымды басшыларымен, сарапшылармен, журналистермен, мәдениет, спорт және туризм саласының өкілдерімен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болады.

ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахмановтың айтуынша, мұндай байқау тек Қазақстан туралы шетелдегі хабардарлықты арттыру мен халықаралық бейбіт бастамаларымызды насихаттау мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ байқаушылардың жұмыстары жарияланған елдермен екіжақты және көп жақты қатынастарды одан әрі дамытуға қосқан үлес болып табылатынын атап өтті.

Биыл қатысушылар саны айтарлықтай өсті (2016 жылы байқауға қатысуға 60-қа жуық жұмыс жіберілді). Көптеген журналистер мақалаларында ЭКСПО-2017 көрмесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті, Сирия бойынша Астана процесінің келіссөздері, Қазақстан үкіметінің саяси және экономикалық жүйені одан әрі жаңғырту жөніндегі күш-жігері сияқты Қазақстан үшін маңызды оқиғалар туралы баяндап, төл мәдениетіміздің ерекшеліктері туралы өз әсерлерімен бөлісті.

«Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі журналистердің баяндамаларында басты тақырыптардың бірі болды. Еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы жетістіктері шетелдік БАҚ-тардың назарынан тыс қалмады. Мұның бәрі Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының табысты екенін дәлелдейді», – деді Қ. Әбдірахманов.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, «Қазақстан Темір Жолы ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті, «Ramada Plaza Astana» және «Rixos Borovoe» қонақ үйлері, сондай-ақ «Арғымақ» көлік компаниясы байқаудың 2017 жылғы әріптестері мен демеушілері болды.

2017 жылғы мамырда аптасына төрт рет ұшатын «Варшава-Астана» жаңа авиарейсін ұсынған «LOT Polish Airlines» поляк әуекомпаниясы байқаудың халықаралық әріптесі болып табылады.

ҚР СІМ серіктестеріне байқауды қолдау мен жеңімпаздардың Қазақстанға келуіне жағдай жасау үшін алғысын білдіреді.

Байқаудың серіктестері мен демеушілері:


Қосылған : 10.07.2017, 12:40, Өзгертілген : 10.07.2017, 12:40