СІМ басшысы Назарбаев Сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысушылармен кездесті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 29 тамыз - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Франко Фраттини, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның бұрынғы бас директоры Ахмет Узюмджю, «Ядролық қауіп-қатерді қысқарту жөніндегі бастама» қоры Төрағасының орынбасары және Ұлыбританияның бұрынғы Қорғаныс министрі Дэсмонд Браун, Халықаралық бейбітшілік бюросының Тең төрағасы Райнер Браун және қарусыздану және таратпау саласындағы белгілі халықаралық сарапшы Тарик Рауфпен кездесу өткізді.

Жоғары лауазымды шетелдік қонақтар Қазақстан астанасына «Ядролық қарусыз әлем және халықаралық қауіпсіздік үшін Назарбаев Сыйлығын» салтанатты тапсыру рәсіміне қатысу үшін келді.

Кездесу барысында СІМ басшысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланған 29 тамыз күні - Семей сынақ полигонының жабылу күнінің Қазақстан үшін маңыздылығы туралы айтып берді. Ол қазақстандық бастамаларға тұрақты қолдау көрсеткендері үшін және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстарды талқылауға дайындықтары үшін ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде кездесуге қатысушылар Н. Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамаларды ілгерілетудегі рөлін және оның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, олар қазақстандық көшбасшының заманауи мемлекет құрудағы жетістіктерін бағалады. Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды алға жылжытуда қазақстандық тараппен одан әрі ынтымақтасу ниеті туралы мәлімделді.

Қосылған : 29.08.2019, 18:45, Өзгертілген : 29.08.2019, 18:45