Сайлау: Ортсайлауком ЕҚЫҰ-ның 22 байқаушысын аккредиттеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Онда 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардан байқаушыларды аккредиттеу туралы қаулы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылғы 6 мамырда Орталық сайлау комиссиясы 4 халықаралық ұйымнан 45 байқаушыны аккредиттеді. Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар тізіміндегі деректер жаңартылып отырады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асыратын болады. 2019 жылғы 8 мамырда Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен Адам құқықтары бюросы миссияларынан 22 байқаушыны аккредиттеуге ұсыныс келіп түсті. Олардың барлығы аккредиттеуге шығарылып отыр. Осыған орай 2019 жылдың 7 мамырынан 13 мамырға дейін ұсынылған байқаушыларды қамтитын халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының қаулысы әзірленді», - деді қаулы жобасын таныстырған ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина. Оның атап өтуінше, бүгінгі күні еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сайлауды жария ету мақсатында 25 шетелдік БАҚ-тың 66 өкілі өтінім берген. Олардың 37-сі аккредиттеуден өтті. «Жалпы алғанда СІМ-де тұрақты негізде 28 шетелдік БАҚ-тың 94 журналисі аккредиттелді», - деді ол. Қаулы жобасын Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірауыздан қолдап дауыс берді. Айта кетейік, жалпы бүгінгі күні тіркелген шетелдік байқаушылардың саны 67 адамға жетіп отыр.

https://www.inform.kz/kz/saylau-ortsaylaukom-ekyu-nyn-22-baykaushysyn-akkredittedi_a3525557

Қосылған : 13.05.2019, 16:50, Өзгертілген : 13.05.2019, 16:50