Астана мен Афина сауда-экономикалық қарым-қатынастардағы жаңа басымдықтарды белгіледі -- Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

АФИНА, 2018 жылғы 24 қыркүйек - Бүгінгі таңда Қазақстан мен Грекия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзара тиімді әлеуеті әлі де мол және көлік, ауыл шаруашылық, туризм мен қаржы салаларында айтарлықтай өсу көрсеткіштері баршылық. Аталған әлеуетті пайдаланудың жолдары туралы Афинада өткен Қазақстан-Грекия экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 4-ші отырысы аясында мүдделі сұхбат болды.

Комиссияның тең-төрағалары – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Грекия Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Георгиос Катругалос - бірлесе атқаратын жұмыстың бағыттарын айқындап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту тақырыптарына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ Грекияның Қазақстанның мемлекеттік бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі талқыланып, грекиялық қаржы институттардың «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастығы жөніндегі перспективалары қарастырылды.

Соңғы екі жылда, яғни 2015-16 жылдары белгілі бір құлдыраудан кейін, екіжақты саудада оң үдеріс байқалады. 2017 жылы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға, яғни 980,6 млн. долларға (оның ішінде қазақстандық экспорт – 964 млн. долл.) ұлғайса, ал 2018 жылғы қаңтар-шілде айларында, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 20 пайызға өсті (сауда көлемі – 750 млн. долл., ҚР-дан экспорт – 737,6 млн. долл.). Сондай-ақ, жуырда Қазақстанда күн электр станцияларына арналған фотоэлектрикалық кешендерді дайындау, теңіз кен орындарын өңдеу бойынша инжиниринг және кірпіш шығару сияқты салаларда бірқатар жаңа бірлескен қазақ-грек өндірістері іске қосылды.

Афинада өткен келіссөздерде екіжақты шарттар базасының бүгінгі күйі мен оны барынша кеңейту мәселесіне маңызды көңіл бөлінді.

Сонымен қатар, өткен іс-шарада Қазақстанның Еуразиялық Экономикалық Одағындағы мүшелігін ескере отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары, сондай-ақ тараптардың «Белдеу мен жол» бастамасын жүзеге асыру тұрғысынан өзара іс-қимылды іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Комиссия отырысына Қазақстанның мәдениет және спорт, ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму министрліктерінің лауазымды тұлғалары қатысты.

Отырыстың қорытындысы бойынша тараптардың қол жетізген негізгі уағдаластықтары бекітілген, оның ішінде жақын арада Қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою мәселесі де енгізілген Үкіметаралық комиссияның хаттамасына қол қойылды.

Грекияның туризм саласындағы мол тәжірибесі мен Қазақстанда туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламаның, сонымен қатар туристік қызметті дамыту туралы жаңа заңның әзірлену үстінде екенін назарға ала отырып, екі елдің құзыретті министрліктері арасында қол қойылған Туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум аталған іс-шараның тағы бір практикалық нәтижесіне айналды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі мемлекеттің ресми тұлғалары Қазақстан мен Грекия арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарда толық өзара түсінушіліктің бар екенін айрықша атап өтіп, ортақ ынтымақтастықты барынша арттыру мен кеңейтуге өзара қызығушылықтың барын растады.

Қосылған : 27.09.2018, 21:45, Өзгертілген : 27.09.2018, 21:45